КІТАП – КӨҢІЛДІҢ КӨРКЕМ ӘЛЕМІ, ӘДЕБИЕТ – АДАМ ЖАНЫНЫҢ АЙНАСЫ! «АҚЫЛ МЕН ЖҮРЕК ҮНДЕСТІГІ: ӘДЕБИЕТТЕГІ АДАМ ТӘРБИЕСІ» » №68 жалпы орта білім беретін мектебі
Шымкент қаласының білім басқармасының
«№68 жалпы орта білім беретін мектебі»
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(7252) 95-47-90
Есепші бөлімі:
+7(7252) 95-47-91
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » КІТАП – КӨҢІЛДІҢ КӨРКЕМ ӘЛЕМІ, ӘДЕБИЕТ – АДАМ ЖАНЫНЫҢ АЙНАСЫ! «АҚЫЛ МЕН ЖҮРЕК ҮНДЕСТІГІ: ӘДЕБИЕТТЕГІ АДАМ ТӘРБИЕСІ»
26
қазан
2026

КІТАП – КӨҢІЛДІҢ КӨРКЕМ ӘЛЕМІ, ӘДЕБИЕТ – АДАМ ЖАНЫНЫҢ АЙНАСЫ! «АҚЫЛ МЕН ЖҮРЕК ҮНДЕСТІГІ: ӘДЕБИЕТТЕГІ АДАМ ТӘРБИЕСІ»

    №68 жалпы орта білім беретін мектепте «Көкжиек» оқырмандар клубының кезекті тағылымды кездесуі Дулат Исабековтің «Қарғын» романы мен «Гауһартас» повесіне арналды.
Бұл жолғы жүздесу – жай ғана кітап талқылау емес, адам жанының тереңіне үңілген, сезім мен сананы, парасат пен пайымды тоғыстырған ерекше әдеби-психологиялық пікірталас болды.
«Мінез – тағдыр ма, тәрбие ме?», «Махаббат пен парасат», «Әйел жаны – нәзік әлем», «Сезімнің тазалығы мен адамдық жауапкершілік» тақырыптарында ой өрбіткен төрт топ шығармалардың көркемдік әлеміне бойлап, кейіпкерлер болмысына талдау жасады. Әр пікір – өзіндік көзқарас, әр дәлел – терең ізденіс, әр ой – оқырмандық мәдениеттің көрінісі.
Кездесудің ең әсерлі сәттерінің бірі – «Көркем сөз – көңіл айнасы» атты мәнерлеп оқу баттлы болды. Қатысушылар кейіпкерлердің рөліне еніп, көркем мәтіннің құдіретін дауыс ырғағы, сезім мен шеберлік арқылы жеткізді. Ал «Гауһартас» фильмінен көрсетілген үзінді әдеби шығарма мен экрандық туындыны салыстыра пайымдауға мүмкіндік берді.
Әдеби талқылау педагогикалық ойталқымен жалғасын тапты. Ұстаздар шығармадағы тағылымды мектеп өмірімен сабақтастырып, бала жүрегіне жол табу, оқушының ішкі жан дүниесін түсіну, талап пен мейірімді үйлестіру, бойға адамгершілік қасиеттерді сіңіру жөнінде құнды ойларымен бөлісті.
Кездесуге модераторлық жасаған Жанысбекова Айнұр Әмірқызы әр бөлімнің мазмұнды өрбуіне бағыт беріп, әдеби ой мен педагогикалық тәжірибенің өзара үндесуіне ұйытқы болды.
Кездесу соңында әр қатысушы жүрегіне түйген бір ойын ортаға салып, оқыған шығармаларынан алған рухани әсерімен бөлісті.
Өйткені кітап оқу – кейіпкер тағдырын тану ғана емес, өз болмысыңа үңілу. Әдебиет – адамды ойландырады, сезіндіреді, түсінуге үйретеді. Ал жүрекпен ұғынылған әр шығарма – өмірлік өнеге!
«Көкжиек» оқырмандар клубының басты мұраты да – кітап арқылы рухани көкжиегімізді кеңейтіп, ойлы оқырман, парасатты педагог болу мәдениетін қалыптастыру.
📖 Кітап оқиық, ой бөлісейік, рухани әлемімізді байытайық!
Ақыл адамға жол көрсетсе, жүрек сол жолдың адамгершілік бағытын айқындайды!





Прокомментировать
Введите код с картинки:* Кликните на изображение чтобы обновить код, если он неразборчив